«Алғашқы кәсібімді 100 теңгемен аштым»

Ұлттық брендке айналып, Қазақстанды әлемге танытатын дүниелер қатары жыл сайын артып келеді. Осындай отандық брендті дамытып жүрген жандардың бірі - Рүстем Ермекбай.                   Sabyrzhan Ayrin отандық халықтық киім брендінің, Ayrin Group холдингінің негізін қалаушы.                                                                                                             

        - Рүстем мырза, біздің мақсатымыз отандық брендтерді дамытып, еліміздің экономикасының нығаюына үлес қосып жүрген өзіңіздей жастарды жұртшылыққа үлгі ету. Сіз бизнес саласына қалай келдіңіз? Өз уақытымен университет тамамдап, отбасылы болдық. Еліміздің танымал компаниясында жұмыс істеп жүрдім. Компанияның бас директорының жасы 57-де, ал мен 22 жаста едім. Жалақымызды салыстырғанда ол менен 12 есе көп ақша алатын. Дәл сол сәт мен үшін үлкен соққы болды. Мәселе тек қана ақшада емес. Мен өзімнің табысымды 12 есе арттыру үшін 35 жыл өмірімді жұмыс істеумен өткізуім керегін түсіндім. Дәл осы сәтте мен жеке бизнес ашу туралы ойлана бастадым. Жұмыстан шығып, 1 апта еліміздегі бизнес саласына анализ жасадым. Әйелім де, өзім де ағылшын тілін жақсы білгендіктен, дәл осы бизнес түрін таңдадық. Алғаш Алматыға келгенде ағылшын тілін мүлде білмедім. Студент кезде жатақханада ағылшын тілін 3 айда жетік менгеру методикасын ойлап таптым. Сол ерекше методиканы ағылшын тілін үйрету курсына қолдандық. Алғашқы кәсібімді 100 теңгемен аштым. 100 теңгемен ашылған бұл дайын бизнесті 7 айдан соң 33 мың долларға саттым.2014 жылы шаңырағымызда қыз бала дүниеге келетінін біліп, әдемі есім іздедік. Себебі бұл да біз үшін ерекше дем, жаңа бастама еді. Бұл есім біздің жаңа бизнестің брендіне айналатынын түсіндік. Есімін – Айрин деп қойдық. Болашақта бизнес ашсақ, дәл осы атты пайдаланып, қызымыздың есімі бізге күш-жігер беретінін білдік. Ағылшын тілін үйрететін бизнесті сатқаннан кейін ақшаның біраз бөлігі қажеттіліктерге кетті. Нәтижесінде, 6 ай жұмыс болмады. Сол уақытта күн сайын далада тұрған дөнер орталықтары, асхана-кафелерді көріп, қызмет түрі, күн сайынғы пайда-шығынын, ақша айналымын сырттай зерттей бастадым. Бір күні көзім киім дүкеніне түсті. Ішінде адам саны көп, ұзақ кезек. Ал дүкен сыртында тек қана «Распродажа» деген жазу бар. Біраз уақыттан кейін жолдың ар жағынан тағы осындай дүкен көрдім. Сол сәтте мына бизнесті брендке айналдырып, өзіндік стиль қалыптастырып, ерекшелендіріп шығарса болады екен деген ой келді. Мен бірден дүкен басшысына кіріп, өз ұсынысымды жасадым. Өз ақшамнан дүкенге атау беріп, маркетингін қолға алып, еліміздің басқа қалаларынан дүкендер желісін ашатын серіктестер табатынымды айттым. Екеуіміз бірден келісіп, қалтамдағы 35 мың теңгеге баннер жасатып, сатушы қыз-жігіттерге арнайы киім тіктірдім. Ал шын мәнінде бұл салада менің тәжірибем жоқ еді. Сайттарға франшиза жайлы хабарландыру жариялап, бірінші 50 пайыз ақшасын төлеп, өзімнің алғашқы дүкенімді аштым. Sabyrzhan Ayrin дүкенінің ашылу тарихы осындай еді.  Бұл холдингте бес компания бар. Sabyrzhan Ayrin брендінің негізі 2015 жылы қаланды. Түсінгендеріңіздей, кәсібім – отандық киім өндірісі. Біз онлайн жұмыс істейміз. Бүкіл Қазақстан бойынша жеткіземіз. Бүгінгі таңда Sabyrzhan Ayrin бренді осы саланың көшбасшысы атанып отыр.

 

- Бүгінгі таңда командаңызда қанша қызметкер бар?

Компанияда тұрақты жұмыс істейтін 7 адам бар. Басты мақсатымыз үлкен компанияны сапалы жұмыс істейтін аз адаммен басқару. Біздің 1 200 серіктесіміз бар. Оларға тауарды өз бағасына береміз. Себебі бізге киімдерді жеке сатқаннан көтерме саудамен айналысқан тиімді. Мысалы серіктестер киімді бізден 5 000 теңгеге алатын болса, көтерме саудамен 10 000-ға сатады. Дәл осы бизнес моделін қабылдау себебім халықтың кәсіпкерлікке деген ынтасын, қызығушылығын арттыру. Менің өмірлік миссиям да дәл осы кәсіпкерлікке енді қадам басқан жандарға демеу болу. Бизнестің осы түрін таңдау арқылы қаншама жан кәсіппен айналысып, табысын тауып отыр. Ал кәсіпкерлікті таңдаған жан үнемі даму үстінде болып, дұрыс бағытты таңдайды. Арнайы серіктестерге оларды жігерлендіру мақсатында тренингтер, тегін сабақтар өткізіп отырамыз. Ел көрсін, тәжірибе алмассын деген ниетпен 60 серіктесті осы жылы бірнеше шетелге жібердік. Қарапайым ғана қадам болса да, қаншама жанды бизнеске жұмылдырып жатырмыз. Ал ең бастысы серіктестердің үнемі ізденіс үстінде, даму сатысында болғанын қалаймыз. Өз білімін арттырған жан айналасына да игі жақсыларды жинайды, баласына дұрыс тәрбие береді. Нәтижесінде, еліміздің дамуына септігін тигізеді. 1 адам, 10 адам, 1 000 адам болсын, олардың өмірін жақсы жаққа өзгерте алсам, менің өмірлік миссиямның орындалғаны деп түсінемін.

- Рүстем мырза, кез келген адам өзінің жанына жақын әрі пайда көзі бола алатын істі іздейді. Кейде ізденісі жеткіліксіз болып, уақытын өткізіп, сан соғып қалып жататыны бар. Сіздің ойыңызша, адам өз ісін табуы үшін не қажет?

Мен үнемі өзіме бір сұрақ қоямын. Мысалы, ақшаң өте көп, өміріңнің аяғына дейін жететіндей мөлшерде делік. Яғни, шетелге шығуға, пәтер, көлік сатып алуға – барлығына жететіні соншалық, ақшаңды тіпті қайда жіберуді білмейсің. Бірінші сұрақ: Осындай ақшаң көп кезде немен айналысатын едің? Екінші сұрақ: Сен таңдаған салаға заңды түрде шектеу қоятын болса, ол заңды бұзуға дейін барып, ұнатқан салаңда істейтіндей дәрежеде болар ма едің? Егер солай болса, ол сенің салаң, сенің ісің. Мен өзіме керекті солай анықтаймын.

- Елімізде әлі де дамытуды қажет ететін қандай кәсіпті атар едіңіз?

Менің ойымша, digital маркетинг, жалпы диджитализацияны дамыту қажет. Кеңес үкіметінен, 2000 жылдардан қалған бүкіл оффлайн бизнесті онлайн форматқа ауыстыруға болады. Барлық кәсіп түрі онлайн қызмет көрсете алады. Нарық ашық, яғни дамытуға болады. Бастысы, стандартқа сай  емес форматта тиімді әрі тез жұмыс жасай алатын кәсіпкерлер керек. Адамдарға пайдасын алып келе алатын көптеген кәсіп түрлері бар. Барлығын икемдеп, адамның жұмыс істеу уақытын үнемдейтін, бағасы әлдеқайда арзандау, бірақ сапасы жақсы өнім ұсына білу керек. Қарапайым ғана мысал, адам әр жаққа барып тамаққа тапсырыс береді немесе алады. Оның орнына бұл істі толық онлайн түрде жасауға болады. Оффлайн жұмыс қажет емес. Тамақты тек жеткізу қызметі арқылы алуға болады. Мысалы, Glovo жеткізу қызметі бар, ал дәл қазіргі елімізде болып жатқан жағдай көптеген ас дайындайтын мекемелерді онлайн жұмыс істеуге үйретті. Менің айтқым келгені, жеткізумен жұмыс жасауда көп шығын болмайды. Бір нүктемен бүкіл қала бойынша жұмыс жасай беруге болады. Ал егер ресторан ашу керек болса, оған өте көп шығын шығады. Сондай-ақ көп жағдайда ресторанға жақын жердегі адамдар ғана келе алады. Орын саны да шектеулі болып жатады. Біздің елімізде кез келген саланы алып, бәсекелестікті зерттеп, соның мықты, адамдарға тиімді, пайдалы тұсын дамытуға болады.

- Пайдалы ақпаратыңызға алғыс айтамыз. Ісіңіз өрге бассын. Жетістікке жетіп, тек биіктерден көріне беріңіз.https://dauletten.kz

Әзірше пікірлер жоқ

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.