"960 мың теңге тағайындалады": желіде ақпарат тарады

Елімізде алаяқтар тағы да әрекет ете бастады. Қаскүнемдер қоңырау шалып, өздерін «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері ретінде таныстырып, 960 000 теңге көлемінде төлем ресімдеуді ұсынады, деп хабарлайды Dauletten.kz сайты Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Хабарламада төтенше жағдай кезінде мемлекеттен 42 500 теңге алғандар ірі төлем алуға үміткер бола алатындығы жазылады. Миллион теңгеге жуық жәрдемақыны «ресімдеу» үшін алаяқтар абоненттерден 1414 қысқа нөмірінен келген СМС-хабарламаларға жіберілген кодты айтуды сұрайды.

«Құрметті пайдаланушылар, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ азаматтарға төлемдерді алғаны туралы хабарламамен түрлі құрылымдардан шалынған қоңыраулар және 1414-тен келген кодты жазу қажеттігі туралы хабарламалар келіп түскені жайлы ақпарат келіп түсуде. «ҰАТ» АҚ әлеуметтік төлемдерді алу үшін 1414 код нөмірінен таратуды жүргізілмейтінін хабарлайды, алаяқтарға ешқандай ақпарат бермеуді және 1414 – тен келген кодтарды үшінші тұлғаларға хабарламауды сұраймыз», – деп хабарлады ұйым.

Алаяқтардың мұндай әрекеттері әлеуметтік инженерия деп аталады. Бұл адамның психологиясын ескере отырып, жеке деректерін заңсыз иемдену тәсілі. Мысалы, мұндай тәсілді алаяқтар пайдаланады, олар телефоннан өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, абоненттен ақша салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құпия деректерді айтуды талап етеді.

 

Әзірше пікірлер жоқ

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.