Асхат Садырбай: Жастарды қолдау - кейінге қалдыруға болмайтын іс

Jastar.online Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Qazaqstan Team ұйымының жетекшісі, ж...

Қымбат Әбдікерімова: Шетелде оқу үшін ағылшын тілін ғана емес, өз тіліңді де жетік білу керек

Jastar.online Алматы бойынша "Болашақ" корпоративтік қорының директоры, "Болашақ" бағдарла...

Бағдат Анарбаева: "Тарихқа үңілсек, волонтерлық өмір сүру салтымызда бұрыннан бар"

Jastar.online сайты Волонтерлар лигасының Алматы бөлімшесінің төрағасы Бағдат Анарбаевамен Қазақстанд...

1.3 млн теңгемен де үй алуға болады."Алматы жастары" бағдарламасы несімен тиімді?

Журналист Ақбота Мұсабекқызы жақында "Алматы жастары" бағдарламасымен үй алды. Ақбота Jastar.onli...

Марғұлан Сейсембайдан жастарға кеңес

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембай Instagram-дағы парақшасында жастарға өмірден түйгенін, көрген-білгенін б...

Арсен Шади: Рухани ұстын болатын культ керек

 

       Арсен Шади – полиглот әрі білімді жас. Өркениет көшіне ілесуді қалайды. Ағартушылық жолды ұстанып, Міржақыптар қалдырған мұраны дәріптегісі келеді. «Ұлтына жаны ашитын ұрпақ ұлт келешегі» дейтін шығыстанушы өмірлік ұстанымы мен көрген-білгенін әңгімелеп берді.

-Арсен, сіз бірнеше тіл білесіз. Шығыс мәдениетіне жақынсыз. Осы тұста жастарға тіл үйренудің артықшылығын түсіндірсеңіз.

-Жалпы, қандай тілді алып қарасақ та, өзіне тән тілді дәріптейтін сөздер бар. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейміз. «Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың, үш тіл білсең үш адамсың» деген тағы бар. Адамның тіл үйренуге деген қызығушылығы, я болмаса әрекеті қоғами фактордан туындаса керек. Кезінде қазақ даласында тілге аса сұраныс болған жоқ. Өзара ұйысып, көшіп-қонып жүрген халық болдық. Кейін орыстармен ықпалдастыққа түскен соң, орыс тілін оқуға мұқтаждық пайда болды. Жерімізді отарлағаннан кейін, кіріптарға айналған соң, оқыдық. Абай да «орыстың білімін ал, оқы» деді. Осылай орыс тіліне сұраныс пайда болған-ды. Бүгінгі таңда әлемде жаһандану процесі жүріп жатыр. Әлемдік қауымдастықтан орын алған соң, біз де жаһандануға бет алдық. Сол себепті коммуникацияның негізгі құралы ретін ағылшын тілін үйренуге ден қойдық. Мәдениетаралық коммуникацияның негізгі құралы, алғашқы баспалдағы ол – тіл. Әлемді аралап, өзге өркениетті тану үшін тіл керек. Тілдің артықшылығы – осы. Кезінде, соғыс уақытында әкелеріміз неміс тіл үйренуге мәжбүр болды. Сол тұста негізгі қарсылас Германия болғандықтан, неміс тіліне сұраныс жоғары болды. Бүгінде әлемде нөмірі бірінші боп тұрған, ресми тіл – ағылшын тілі. Ағылшын тілін білу арқылы үлкен дәрежеге көтерілеміз. Мәселен, БҰҰ деңгейіне шыға аламыз. Қазір суденттер арасында БҰҰ моделін құрастырып жатыр. Көпшілік модельдердің тілі – ағылшын. Одан кейін аймақтық тілдерді қарастырсақ. Таяу шығыста – араб тілі, Парсы шығанағында – парсы тілі, Оңтүстік шығыс Азияға ағылшын тілімен барса болады. Қиыр Шығысқа бару үшін жапон, корей, қытай тілдерін білген жөн. Әлемдік өркениетке еніп, қоғамда өз орны үшін күресе алатындай дәрежеге жету үшін тіл білу керек. Бүгінде өзінің ана тілінен кейін өзге тілді білмеу кемістікпен тең.

 

-Полиглот болудың өзіне тән қиындығы бар ма? Бірнеше тілде еркін меңгерудің әдіс-тәсілімен бөліссеңіз?

- Полиглот болудың өзіне тән негізі қиындығы – «мынау полиглот қой» сынды мақтау сөз. Адамның дамуына кері әсерін тигізетін, тежейтін негізгі фактор мақтау сөз десек қателеспейміз. Ал жалпы, тілдерді ұмытып қалу жағынан ешбір қиындық жоқ. Өйткені әркез практика жасаймыз. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс заманында мүмкіндік жоқ деп айту  сылтау болар еді. Шетелдік достармен байланысып, сөйлесеміз. «Шетелдік досым жоқ, интернет жоқ» дегеннің өзінде кітап оқу арқылы біз тілді өз деңгейінде ұстап тұра аламыз.

      Негізгі тәсіл – аз-аздан, бірақ прогрессия бойынша оқыған дұрыс. Яғни, бірден екі-үш тілді емес, бір тілді алып, толық меңгеру керек. Бір деңгейге жетіп, фундамент бекігеннен кейін келесі тілді меңгеру қажет. Онда да қосымша тіл таңдаған кезде характеристикаға мән берген жөн. Мәселен, графикасы ұқсау керек не болмаса бір тіл тобына жату қажет. Сонда жеңіл болады. Мысалы, өзім ағылшын тілін есептемегенде, ең алдымен араб тілін үйрендім. 2 жылдан кейін парсы тілін игердім. Араб тілі мен парсы тілінінің графикасы бірдей. Араб әріптерімен жазылады. Парсылар араб әріптерін алып, өз әліпбиіне қосымша төл әріптерін қосқан. Яғни, парсы тілінде араб тілінде жоқ әріптер бар. Яғни, қазақ тілі мен орыс тілінің мысалы секілді. Бірақ екеуінің тілдік тобы екі бөлек: араб тілі семит тілдер тобына, парсы тілі еуропалық тілдер тобына жатады. Бірақ екеуін тілдік топ байланыстырмағанымен, графикасы ұқсас. Міне, осылай көзін тауып алған абзал. Сол тілді алып, ары қарай игерген жақсы. Айта кетерлігі, тіл үйренуде оңай тілден қиын тілге емес, қиын тілден оңай тілге қарай өткен дұрыс. Бұл –  тіл үйренудегі қиындыққа байланысты түйгенім. Ал қоғамдағы маңызына қарай ағылшын тілін үйренуге кеңес беремін.

- Тілді меңгеру сізге әлем есігін ашқан сыңайлы. Ел көрдіңіз, жер таныдыңыз. Шетелде қай бағдарлама бойынша білім алдыңыз?

- Қызығы, шетелдік бағдарламаға мемлекет есебінен барған жоқпын. Ешқандай грант алған емеспін. Қолдаушым – ата-анам. Қолым қал ете қалса, интернеттен шетелдік бағдарламалар жайында іздейтінмін. Сондағы оқу аяқтала салысымен, жазғы бағдарламамен шетел көргім келетін. Жазда демалу  емес, пайдалы ілім іздеуге тырысатынмын. Халықаралық коммуникацияға түсу, шетелдік тәжірибе жинау үшін шетелге барамын. Ешқандай мемлекеттік бағдарлама емес, қосымша құн төлеймін. Осы тұста ата-аналарға айтарым, баланы дұрыс оқыту үшін Абай айтқандай «мал аямау» керек. Бала оқытуға дүниені аямасаңыз, ертең жемісін береді. Алғаш рет оқу бойынша шетелге Марокко корольдігіне бардым. Тетуан қаласындағы университетте «Араб тілі мен мәдениеті» атты 3 айлық жаздық бағдарламаға қатыстым. Ол кезде араб тілін үйренуді бастаған едім. Сондықтан біліктілікті арттыру үшін бардым.

Бұдан кейінгі іздейтінім – шетелде өтетін конференциялар. Кез келген жастың шетелге белгілі бір мақсатпен барғанын қалаймын. Ілім іздеп, мәдениет таныса екен деймін. Тек қана Эйфель мұнарасының алдында суретке түсіп қайту емес, дүниетанымын  кеңейтіп, білім алып, нетуоркинг жасаса құба-құп. Сондай конференциялардың бірі Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Дубай қаласында «БҰҰ-ның араб жастар моделі» конференциясы аясында «Ядролық қарусыздандыру және халықаралық қарусыздандыру» мәселесі бойынша баяндама жасадым. Конференция арасында әлем жастарымен таныстық.  Белсенді, жан жақты жетілген, алға ұмтылған жастарды көргенде, сен де олардан қалыспауға, терезеңнің тең болуына ұмтыласың. Бір нәрсені анық айталамын, біздің жастар да білімге қабілеттті, ешкімнен кем емес. Ал АҚШ-та болған тұста Гарвард университетіне жаздық студенттік практикаға барған едім. Бала кезден әлемдік топ университеттерде білім алуды мақсат тұттым. Гарвардты зиярат етуіміздің өзі мақсатымызды қанаттандырады.

- Мәселен, Түркия мен Қазақстанның жастар саясатын салыстыра аласыз ба?

- Осы тұста қайрау үшін сөгу керек шығар бәлки. Сұрақ төңірегінде бір мәселе көтергім келеді. Түркия 1923 жылы өзін республика деп жариялады. Яғни, Қазақстанмен салыстырғанда арадағы алшақтық – 68 жыл. Оның артында үлкен империя тарихы бар. Біздің де үлкен хандық тарихымыз бар. Алайда ортада бодандық кезең халық еңсесінің түсуіне, тектілігінен айырылып, руханиятының басылып қалуына септігін тигізді. Бүгінде костюм-шалбар киген жастың дөкейсіп, даңдайсып қалатыны, қатарластарын менсінбей қалатынын байқаймыз. Қоғамда сондай кембағал дүние көп. Сонымен қоса ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отаншылдық, Отанға деген сүйіспеншілік аз. Бұл – саяси тұрғыдан жіберілген үлкен қателік. Түркия жастарына қарасаң, дін жолын ұстанатыны, ұстанбайтыны бар ұлт культіне, мемлекет культіне адал. Ататүріктің қалдырып кеткен рухани ұраны бар: «түрік болған нендей бақыт!» Әлбетте, бұл ұлтшылдыққа үндейтін сөз. Бірақ осы ұранның ұлт культінің, мемлекет культінің қалыптасуына септігі тиді. Бізге де сондай елі үшін жанын қия алатын, негізгі рухани ұстын болатын культ керек. Байқасаңыз, интеллекті, білімі жоғары, мемлекеттік қаржысына оқыған, Назарбаев секілді университетті бітірген жастар шетелге кетіп қалады. Олардың кеудесінде  «Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббаттың арқасында туған жерге қызмет етем» деген шырақ жансашы. Бізге «Ақыры кіндік қаным тамған екен. Маңдайымның тері де тамсын» дейтін жастар керек.

- Сіз білім алған елдер мен Қазақстандағы білім жүйесінде айырмашылық бар ма? Бізге неден жиреніп, нені үйрену керек?

- Әрине, Қазақстанның білім жүйесімен біз барған елдердің білім жүйесінде айырмашылық бар. Білім жүйеміз әлі толыққанды қалыптасып, нақты бір нәтиже бере алмай жатыр. Мәселен, АҚШ-та мынадай дүние бар. 1-сыныпқа келген балаға әр нәрсені жаттата бермейді. Бірінші, кез келген нәрсеге ойын форматында қызықтырады. Мысалы, ғарышты алайық. Физика кітабын алып келіп, алдыңа тастай салмайды. Мәселен, ракетаны  конструктор арқылы құрастырады. Баланың өзіне құрастыруға мүмкіндік береді. Ол өзі құрастырған ракетаның 3D форматта ұшқанын көргенде баланың бойынша қызығушылық пайда болады. Оны ары қарай зерттегісі келеді. Мұғалімнің нұсқауынсыз жаңағы  кітапты өзі-ақ оқиды. Түсінгенім, ең бірінші баланы соған баулып, қызықтыра білу керек екен.

- Жалпы, өмірлік көзқарасыңыз қандай? Білім жиюдың артығы жоқ дейді. Егер алда сондай мүмкіндік туса, қай елде білім алуды қалар едіңіз?

- Жалпы, өмірлік көзқарасым – ұлт зиялылары, ұлт ағартушылары  қалдырған сара жолды ұстану. Себебі бізде кешегі Әлихан мен Міржақыпта болмаған мүмкіндік  бар. Ол кезде кітап ақтарып, кітапханада түнеп білім алуға мәжбүр болса, бүгінде қолымызда кітап та, интернет желісі де бар. Олар тәуелді болды. Біз – тәуелсізбіз. Яғни, мүмкіндігіміз көп. Сол себепті  олардан артық нәтижеге жетіп, артық еңбектенбесек, біз үшін үлкен сын болмақ. Абай айтады: «ең бастысы адам бол, мал тап». Мақсатым – адал еңбек ету, білім жинау. Сол білімді көпке тарату. Жақсы әке болу, балаларға жақсы ұстаз болу. Отбасыңа жақсы ұстаз болғанда ғана, қоғамға жақсы ұстаз бола аласың. Алда мүмкіндік туса,  Англия мен араб мемлекеттеріне барып, білім алғым келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

  • Аюп Ақниет Мұратқызы Avatar
    Аюп Ақниет Мұратқызы - 4 ай бұрын
    Арсен аға толық оқып шықтым, керемет! Сізден біз тіл үйреніп жатқандықтан ҰСТАЗ десек қателеспеген болар едік. Ин ша Аллаһ кемеліне жеткен тұлға секілді болыңыз!

  • Таласбаева Жаннұр Нағашыбайқызы Avatar
    Таласбаева Жаннұр Нағашыбайқызы - 4 ай бұрын
    Қандай керемет сұқбат! Үлкен рақмет! Керемет жігер сыйладыңыздар!

  • Ахметова Закира Ерментаевна Avatar
    Ахметова Закира Ерментаевна - 4 ай бұрын
    Алланың нұры жаусын. Білімді шыңдай бер алтыным

  • Kenzhina Avatar
    Kenzhina - 4 ай бұрын
    МашаАлла!!! Осындай сұхбат үшін рахмет сіздерге!!! Сұхбатта ұлтымызға деген мейірімнің бар болғанына дән ризамын. "Қазақпын" деген жүректеріңізден айналайын. Әрдайым Алла сіздерге қолдаушы болсын, ұлт жанашырлары!!!

  • Aynur Umirzakova Zhaynarovna Avatar
    Aynur Umirzakova Zhaynarovna - 4 ай бұрын
    Өте бір әсерлі болды. Рахмет үлкен. Бір серпіліп, бойымызға жетпей жүрген бір мотивация алдық. Тағы да осындай әсерлі, күш-жігер беретін әңгімелер күтеміз сізден, Арсен ағай)

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.