Әлемнің ең танымал 10 бренді және олардың танымал болу себептері

«Interbrand» консалтинг агенттігі жыл сайын «Әлемнің 100 танымал брендтері» рейтингіcін өткізіп отырады. Рейтинг брендтердің танымалдығы, қаржы нәтижелері, компанияның нарыққа әсер етуі мен клиенттердің тұрақтылығын ескере отырып жасалады.

Біз рейтингтегі сандарға тоқталмаймыз. Бұл туралы ғаламторда мәлімет онсыз да көп. Оның орнына, «Interbrand» тізіміне енген брендтердің логотиптері, ұрандары мен сатып алушылар арасында танымал болу себептерін айтамыз.

Apple – жаңа құрылғылары шыға сап жаппай сатылып кететін,  жанкүйерлері келесі жаңа модельдің таныстырылымын күтіп жүретін ең танымал бренд.

«Think different» (әр түрлі ойла) деген ұранмен компанияның маркетингтік саясатын айқындап, бар күшті заманауи дизайн, шығармашылық пен қатып қалған стандарттан шығуға жұмсады. Бұл ретте көпшілікті «алмалы» гаджетке тәуелді еткен Стив Джобстың еңбегі орасан. Сондай-ақ, бұл компанияның  «алмасын» бір тістеп, қайтып осы брендтен шыға алмай қалатындай желілік маркетингке тән эффекті бар екенін айта кеткен жөн.

Google. Бүгінде Google танымалдығы сонша, «гуглдан сұра» деген сөз ақпаратты ғаламтордан ізде деген мағынада қолданылады. Әлем ақпараттарын бәріне қолжетімді болуын сапалы түрде іске асырып жатқан Google логотипін ерекше әдемі деуге келмес. Бірақ ұтымды таңдалған түстердің арқасында оны жаттап алу оңай.

Coca-cola. Бұл сөзсіз – аңыз. 125 жыл бұрын құрылған компания әлі де өз танымалдығын жоғалтпаған, әрі оның логотипін әлемнің кез келген жерінде бірден танимыз. Соншама танымалдықтың сыры неде дейсіз бе? Біріншіден, компания имиджі отбасылық құндылықтарға негізделген. Ауқымды жарнамалардың арқасында, бұл сусын Жаңа жыл, Санта Клаус, ерекше сиқыр мен жайлылықтың, достар мен отбасылық басқосудың айнымас бөлігіндей болып кеткен.

Екіншіден, сусынның рецепті әлі күнге дейін жұмбақ күйінде сақталып келеді. Бұл маркетингтік амал өз кезегінде жұрттың сусынға деген қызығушылығын одан сайын арттыра түсті. Ал, үшіншіден, коланың бағасы қолжетімді. Мұны балалар да, үлкендерде, қарапайым жұмысшы мен танымал жұлдыздар да жақсы көреді.

Microsoft – қоғамға компьютер технологияларын алып келген алғашқы компаниялардың бірі болды. «Сандық технологиялар әлемі» деген ұранмен шыққан Microsoft, 40 жылдық тәжірибе барысында адамдардың жұмысын жеңілдетіп, оның өнімділігін арттыра түсті. Билл Гейтс пен оның командасының арқасында Windоws, X-box, Microsoft Office, Windоws Phone Windоws пайда болды. Жылдар бойы брендтің логотипі бірнеше рет өзгертілді.

Samsung. Бұл өнім жайлы айтқанда бірден баға мен сапаның әдемі үйлесімі еске түседі. Дәл осы қасиеті үшін де бұл брендтің тұтынушылары жылдан жылға артуда.

Компанияның ұраны – Imagine the possibilities (мүмкіндіктерді елестет). Эллиптикалық формадағы логотип серпінді даму мен жетілгендіктің символы іспеттес.

Amazon. Басқа да әлемдік брендтер секілді өз тарихын гараждан бастаған. Сол кездегі бірнеше компьютерден ғана тұратын гараж бүгінгі ғаламтор алыбының штаб квартирасы болды. Басында киіп, өлшеп көруді қажет етпейтін тауар – кітап қана сатылатын. Ол кезде онлайн-дүкендер болмағандықтан, Amazon бұл салада алғашқылардың бірі саналады.

Қазір компания адамдарға кітаптан бөлек, қалаған затының бәрін сатып алатын мүмкіндік жасады. Сондай-ақ, Amazon көбірек клиент тарту мақсатында Google AdWords және мәтінді жарнаманы белсенді түрде қолданады. Компания арнайы қосымшаға, email-маркетингке, серіктестік бағдарламалар мен клиентке дұрыс қызмет көрсетуге баса назар аударады.

Бренд логотипі компанияның саясатына сәйкестендіріп жасалған: жымиып тұрған смайл сияқты көрсеткіш қуанышты клиенттерді білдірсе, оның А-дан Z-ке аяқталуы мұнда барлық нәрсені табуға болатынын көрсетеді.

McDonald’s. Қоғамдағы сыни пікірлерге қарамай, бүгінде әлемдік тағам империясына айналып отыр. Компания бүгінге дейін ребрендинг жасап, ас мәзірін бірнеше рет өзгертіп үлгерді: маусымдық тағамдар, дұрыс тамақтану мен орналасқан аймағының сүйікті тағамдары қосылды.

McDonald’s-тың табысқа жету жолындағы бірнеше құпиясымен бөлісейік:

-Мейрамханалар адам көп шоғаырланған, жүргіншілер көп өтетін жерде орналасқан.

-Ғимараттардың ішінде және сыртында тәбет ашатын хош иістендіргіштер қолданылады

-Балаларды өзіне тарту үшін туған күн кештері, ойыншықтарға толы зал, шарлар мен ойын алаңдары қарастырылған.

-Тағы бір маркетингтік амал – Хеппи Мил сериялы ойыншықтары (бір рет ойыншықты алған бала жинақтағы басқа да ойыншықтарды алу үшін міндетті түрде тағы келеді)

-«Биг Мактың» дәмі 1967 жылдан бері өзгермей келеді. Осылайша клиентте әдет қалыптасады.

- Конвейерлік жүйе жақсы табыс әкеледі – келесің, тапсырыс бересің, тамақ ішіп болған соң, басқаға орын бересің (бұған залдағы музыка, қатты орындықтар мен гаджеттерді токқа қосатын розеткалардың болмауы әсер етеді)

-McDonald’s «Hummer» мен «Disney» компанияларымен серіктес болып, бір-бірін жарнамалап жүреді.

Ұраны – «Im loving it» (мен оны жақсы көремін)

Facebook. 2 млрд адам тіркелген әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі. Оның себебі – Facebook онлайн сөйлесу, ақпарат алмасу және фото жүктеуді алғашқылардың бірі болып ойлап тапты. Басында бұл қызмет Гарвард университетінің офлайн-қауымдастығына арнап жасалған болатын. Дегенмен, Марк Цукерберг мықты идеяны әлемге паш етіп, жаңалық жасады.

Ұраны – «Connect with friends and the world around you on Facebook» (достарыңмен және әлеммен Фейсбук арқылы сөйлес)

Nike. «Жай ғана баста» деген ұранмен шыққан бұл компания бүгінде спорттық тауарлардың эталоны іспеттес. Жарнаманың обьектісі олар өндіретін аяқ киімдер емес, оны киетін адамдар деген маркетингтік амал жасап,  танымал спорт жұлдыздарымен шарт жасасты. Өз кезегінде мұндай жарнамалар жастар арасында кеңінен танылып, нәтижесін көп өтпей-ақ көрсете бастады.

Компания атының да өз тарихы бар. «Nike» сөзі Ники деген гректегі жеңіс құдайының атынан шыққан. Ал, логотиптегі белгі оның қанаты. Аяқ киімге, басқа да спорттық киімдерге жазуға ыңғайлы болу үшін логотип әдейі ықшамдалып жасалған.

Ikea. Қаншама адамның жүрегінен орын алған компанияның басты ерекшелігі – қолжетімді бағаға сапалы тұрмыстық заттарды ұсынуы. Компанияның бүкіл заттары «үнемдеу» деген түсініктің айналасында жасалады. Мәселен, шкафтың жобасы белгілі бір бағаның көлемінде жасалады, ал басқа жерлерде керісінше орындалады.

Айтпақшы, ықшамдалған логотип швед жалауының түстерімен боялып, қарапайымдылық, сапа мен қолжетімділікті дәріптейді.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан нәтиже шығарып, өз ісіңізге лайықты ұран мен логотип таңдаңыз. Сондай-ақ, оларды табысқа жеткізген маркетингтік амалдарды қолданып көріңіз. Брендтің атауы мен логотипі компанияның саясатына сай, барынша халыққа түсінікті болуы керек. Дұрыс таңдалған логотип брендтің тезірек танылуына септігін тигізеді. Логотипті өзіңіз немесе дизайнермен бірге жасауыңызға болады. Одан бөлек интернетте онлайн логотип жасап беру қызметтері бар. Компанияның атын жазсаңыз, сізге бірнеше логотип түрлерін ұсынады. Арасынан өзіңізге ұнағанын таңдап, түсін, пішінін өзгертуіңізге болады. 

Дереккөз: Аtameken.co

Әзірше пікірлер жоқ

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.