Билл Гейтс жетістікке қалай жетті?

Билл Гейтс сияқты аңызға айналған тұлғаның кішкентай кезінде ұялшақ, ешкіммен сөйлеспейтін бала болғанын көз алдыңызға елестету қиын болар. Қазір ол - ең атақты адамдардың бірі, миллиардер, үлкен корпорацияның негізін қалаушы. Билл Гейтс мұндай жетістікке қалай жетті және ол үшін қандай қадамдар жасады?

Балалық шағы

Билл Гейтс Сиэтлде (АҚШ) дүниеге келді. Оның отбасындағы барлық ер адам атақты болған еді. Арғы атасы – мэр, атасы – ұлттық банк төрағасының орынбасары, әкесі адвокат болып жұмыс істеді.

Бала Билл өз ата-анасын қатты алаңдататын. Оның тұйық болғаны сонша, анасы Биллді психологқа қаратқан. Дегенмен мамандар ата-анасына балаға көбірек көңіл бөлуге және оның мінезіне көндігуге кеңес береді.

Бастауыш мектепте Билл өзінің интеллектісін көрсете бастады. Мұғалімі Биллдің кітаптың үш бетін бір көріп қайталап бергенін есіне алады. Ата-анасының лидерлік қасиеттері болса да, ол балаларына беріле қоймады. Ол кезде бәрі Биллдің өскенде кім болатынынан хабарсыз еді.

Дегенмен баланың ерекше ойлау қабілетіне қарап ата-анасы оны қарапайым мектептен Лэйксайд мектебіне ауыстырады.

Алғашқы жетістік

Жаңа мектебінде оқып жүріп, ол 15 жасында өзінің алғашқы компьютерлік бағдарламасын жасады. Ол көлік қозғалысын реттеуге арналған еді және бұл оған 20 мың доллар табыс әкелді. Тағы екі жылдан кейін ол Бонневиль бөгетінде энергияны теңдей таратуға арналаған бағдарлама жасауға кіріседі.

Отбасылық дәстүрді бұзбай Билл Гарвардқа адвокат оқуына түседі. Бірақ оған қатты қызықпайды. Оның үстіне Биллдің мінезі таңдап алған мамандығына мүлдем сай келмейтін. Оның курстастары, болашақ адвокаттар өте белсенді, ашық болатын және түнгі жиындар, кештерге көп баратын. Биллге бұл мүлдем қызық болмады. Ол тек компьютерлерге әуес болды.

Microsoft-ті құру

Билл Гейтстің жеңіс жолының басталу сәті досы Пол екеуі журналдан «Альтаир 8800» компьютерінің шыққанын оқыған кез болды. Өндірушілер компьютерге бағдарлама жасау керек екенін хабарлады. Билл бірден «Mits» компаниясына қоңырау шалып,  Пол екеуінде «Альтаирға» келетін BASIC бағдарламалау тілі барын айтады. Бірақ шын мәнінде бұл өтірік еді. Ол кезде BASIC әлі жоқ. Дегенмен «Mits» бұл ұсынысқа қызығушылық танытты.  Содан Билл мен Пол асқан жылдамдықпен бағдарлама кодын жасай бастады.

Бағдарлама кодын тестілеу басқа машинада жүргізілгенімен, жұмысты таныстыру күнінде бағдарлама «Альтаирде» де істеп кетті. «Mits» бірден бұл бағдарламаны сатып алуға келіседі. Билл бұл күнді «софттың» туған күні деп есіне алады. Сол кезде Билл Гейтс пен Пол Аллан Microsoft компаниясын құрады. Ал олардың ең бірінші қызметкерлері мектеп кезіндегі достары болады.

Алғашқы тапсырыстар онша жүрмейді, бірақ олар еңсесін түсірген жоқ. Сол кезде Биллге сабаққа келмегені үшін оқудан шығарылғандығы туралы хабарлама келеді. Бірақ оған бәрібір еді. Себебі ол кезде Гейтс IBM компаниясынан ірі тапсырыс алды.

IBM-нен түскен ақша арқасында Биллдің компаниясы тағы бірнеше жыл жұмыс істеп тұрды. Ал IBM Биллдің бағдарламасымен жұмыс істейтін компьютерін жарыққа шығарғанда, Microsoft компаниясына тапсырыс жауды.

1986 жылы Microsoft акциялары биржада сатыла бастады. Сөйтіп Билл Гейтс бір сәтте бай болып шыға келді.

Бір жылдан кейін Windows-тың алғашқы нұсқасы пайда болды. 1993 жылы бұл өнімнің сатылымы 100 миллион долларды құрады. Келесі нұсқасы - Windows-95-тің бар болғаны екі апта ішінде 7 миллион данасы сатылып кетті.

Бүгінде Microsoft Corporation бағдарламаларды өндіруші алпауыт компания және онымен тек Apple ғана бәсекеге түсе алып отыр.

Дереккөз: Atameken.co

Әзірше пікірлер жоқ

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.