Жұмысқа тұру. Әңгімелесуге барғанда нені ескеру керек?

Жұмысқа тұру мақсатында өзіңіз армандаған компанияға түйіндеме жібердіңіз делік. Компания сізді әңгімелесуге шақырды. Қалай дайындаласыз?

Жұмысқа тұру кезінде түйіндеменің әдемі жазылуынан бөлек маңызды нәрселер бар. Олар: өзіңді жақсы ұстау, компанияға не бере алатыныңды білу және тағы басқа. Әңгімелесу кезінде ескеру керек сегіз ережені ұсынамыз.

1-ереже

Әңгімелесуге бармас бұрын сол мекеме, компания, жұмыс орны туралы біраз ізденіңіз. Сіздіңше қате болып саналатын дүниелерді де ескеруді ұмытпаңыз. Бұл ереже "Неге осы компанияда жұмыс істегім келеді?" деген сауалға жауап беруге көмектеседі. Компания өкілдері сұрай қалғанда өзгерткіңіз келетін жайттарды да атай аласыз.

2-ереже

Өзіңізді бағалай біліңіз. Қандай көлемде жалақы алатыныңызды алдын ала белгілеп алыңыз. Бұл нәрсе өзіңізді сенімді ұстауға көмектеседі. Егер HR-маман сіз ойлағаннан аз жалақы ұсынса, бұл жайтты талқылаудан қорықпаңыз.

3-ереже

Өзіңіз туралы көп айтып, мақтаудан аулақ болыңыз. Қойылған сұраққа тиянақты жауап беріңіз.

4-ереже

Өзіңіз де сұрақ қойыңыз. Мысалы, компанияға қандай адам керек екенін, қандай жаңа жобалар бар екенін сұрауға болады. Сонымен қатар жалақыдан бөлек жұмысшыға жасалатын мүмкіндіктерді де сұраудан ұялмаңыз. Заманауи компаниялар қызметкерлеріне тегін түскі ас, жол қаражатын және спорт ұйымдарынан жеңілдіктер қарастырады.

5-ереже

Әңгімелесуге және баратын мекемеге сай киінуді ұмытпаңыз. Киіміңіз таза болсын, шашыңыз да ұқыпты жиналсын. 

6-ереже

Әңгімелесуге кешікпеңіз. Керісінше уақытынан ертерек барыңыз. 

7-ереже

Өзіңізге сенімді болыңыз. Компания өкілдері өз ісі мен сөзіне жауапты, тыңғылықты адамды жақсы көреді. Қобалжып, сасқалақтап қалмау үшін сыртта өзіңізді психологиялық тұрғыдан дайындаңыз. Ішіңізден 10-ға дейін санауға болады.

8-ереже

Әңгімелесудің соңында компания қызметкерлеріне алғыс айтуды ұмытпаңыз. Кездесу ойдағыдай болмай қалса да, рақмет айту - сыпайылықтың белгісі.

  • Гүлнұр Avatar
    Гүлнұр - 1 күн бұрын
    Жазылған дүниенің құнды болуы оған жазылған пікірдің, сынның, міннің деңгейіне байланысты деп ойлаймын. Осы тұста сіздерге тек еңбекте жеміс тілеймін. Тоқтап қалмаңыздар

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.