Асхат Садырбай: Жастарды қолдау - кейінге қалдыруға болмайтын іс

Jastar.online Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Qazaqstan Team ұйымының жетекшісі, ж...

Қымбат Әбдікерімова: Шетелде оқу үшін ағылшын тілін ғана емес, өз тіліңді де жетік білу керек

Jastar.online Алматы бойынша "Болашақ" корпоративтік қорының директоры, "Болашақ" бағдарла...

Бағдат Анарбаева: "Тарихқа үңілсек, волонтерлық өмір сүру салтымызда бұрыннан бар"

Jastar.online сайты Волонтерлар лигасының Алматы бөлімшесінің төрағасы Бағдат Анарбаевамен Қазақстанд...

1.3 млн теңгемен де үй алуға болады."Алматы жастары" бағдарламасы несімен тиімді?

Журналист Ақбота Мұсабекқызы жақында "Алматы жастары" бағдарламасымен үй алды. Ақбота Jastar.onli...

Марғұлан Сейсембайдан жастарға кеңес

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембай Instagram-дағы парақшасында жастарға өмірден түйгенін, көрген-білгенін б...

Қымбат Әбдікерімова: Шетелде оқу үшін ағылшын тілін ғана емес, өз тіліңді де жетік білу керек

Jastar.online Алматы бойынша "Болашақ" корпоративтік қорының директоры, "Болашақ" бағдарламасының түлегі Қымбат Әбдікерімовамен сұхбаттасып, жастардың білімі және өзін жетілдіруі туралы әңгімелесті. Қымбат Әбдікерімова өз тәжірибесінен құнды кеңестерін де бөлісті.

- Қазақстандық жастардың шетелде білім алуға ынтасы қандай? Олар берілген мүмкіндікті жақсы қолданып жүр ме?

- "Болашақ" қауымдастығы жастармен көп жұмыс істейді. Пандемияға дейін апта сайын ЖОО-ына барып, "Болашақ" бағдарламасымен оқыған азаматтарды спикер ретінде шақырып, дәріс өткізетінбіз. Қазақстан жастарының шетелде білім алуға ынтасы бар, көбі тырысады. Себебі шетел университетінің білім деңгейі салыстырмалы түрде жоғары. Әсіресе, ғылым жағынан өте жақсы дамыған. Оқимын деген адамға да шетелде барлық жағдай жасалған. Бізде де дәл сондай жағдай жасалған университеттер бар. Мысалы, Назарбаев университетінің, Алматыдағы Политехникалық университеттің, ҚазҰУ-дың базасы дамып келе жатыр. Дегенмен шетелде білім алғанның артықшылығы көп деп ойлаймын. Өзім де "Болашақ" бағдарламасының түлегімін. Шетелде білім алған адам түрлі мәдениетті, түрлі ортаны, адамды көріп, ой-өрісі дамып, көкжиегі кеңейеді. Көп ұлтты ортада жүріп, тәжірибе жинап, өмірге көзқарасы өзгереді. Ғылымды қуған, белгілі бір саланың қызығына кіріп, тәжірибе жинағысы келетіндерге де шетелде оқу көп мүмкіндік береді. Адамдармен араласуға, бір идеяны жүзеге асырып, көппен бірге жұмыс істеуге де үйренеді.

Шетел университтерінде оқыту процесі жақсы қалыптасқан деп ойлаймын. Себебі ол жақта командалық жұмыс көп. Сонымен қатар креатив ойлауға да үйренеді. Шетелде білім алып келген түлектер жеке секторда болсын, мемлекеттік орында болсын жақсы компанияларға жұмысқа тұра алады. Жалпы жастардың шетелде оқуы қоғамның, елдің дамуына оң ықпалын тигізеді, тигізіп те жүр.

- Еліміздің азаматтары "Болашақ" бағдарламасымен оқуға көбіне қандай себеппен өтпей қалады?

- Бұл сұраққа "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның президенті Айнұр Кәрібозова жақсы жауап беретін еді. Ал біз - "Болашақ" бағдарламасымен білім алған түлектердің басын біріктіріп, мемлекеттік маңызы бар жобаларды жүзеге асыратын ұйымбыз. Бұл сұраққа өзімнің байқағаным бойынша жауап беруге тырысайын. Біріншіден, жастар ағылшын немесе басқа тілді жеткілікті білмегенінен, IELTS сияқты тесттерді тапсыра алмай, өтпей қалады. Сонымен қатар үміткер өз ана тілі – қазақ тілін де жетік меңгерген болуы керек. Осы себепті де сертификат ала алмай қалатындар бар. Біздің жастардың "Болашақ" бағдарламасымен шетелде оқи алмауының ең басты себебі – тіл меңгеру деңгейін анықтайтын сертификаттың болмауы және жоғары балл алмауы. Шетелде оқу үшін ең бастысы тіл білу керек.

- Сіздің ойыңызша, қазіргі жастарға не нәрсені үйрену жетіспейді? Елімізде оқығысы келмейтін, жұмыс істеуді қаламайтын, бәрінің бірден бола салғанын қалайтын жастарға не айтар едіңіз? Оларды қалай ынталандыруға болады?

- Қазір жастарға бар жағдай жасалған. Президент те жастарды қолдайды. Меніңше, біз - мемлекет басшыларының қамқорлығын сезініп өскен жандармыз. Өзімді алатын болсам, Қазақстанда да, шетелде де тегін оқыдым, мемлекеттік бағдарлама аясында білім алдым. Мұның бәрі - жастардың болашағына, мықты маман болуына арнайы жасалған бағдарламалар, мүмкіндіктер. Оқығысы да келмейтін, жұмыс та істемейтін жастардың бұл тірлігі еріншектіктің кесірі. Абай атамыз да еріншектік туралы өте жақсы айтып кеткен. Қандай жағдай болмасын еңбек ету керек. Еріншек болсаң, еңбек еткің келмесе, білімді қазғың келмесе, ешқашан жетістікке жетпейсің. Бәрі бірден бола қоймайды, осыны түсіну керек.

Адам өзін ынталандыру үшін әуелі мақсат қоюы керек. Мақсаттың да мерзімі болуы шарт. Мысалы, бес жылда кім болғың келетінін, қайда тұрғың келетінін нақты ойлап, мақсат қойып, соған талпыну керек. Адам үлкен мақсаттарға қалай жететінін де ойластырып, жоспарлауы керек. Тіпті бір күніңе, бір айыңа дұрыс жоспар құра алсаң, мақсатыңа жақындай түсесің. Тек ерінбей, үнемі ізденіп, білімді толықтырып жүру керек. Себебі қазір мектептің білімімен, тіпті тек ЖОО-ның білімімен жүре алмайсың. Одан кейін мықты маман болсаң да, тұрақты жұмысың болса да, үнемі оқып, біліміңді жетілдіріп отыруың керек. Өзіңді жетілдіруге көңіл бөлу қажет.

Мысалы, кітап оқып, түрлі семинар, тренингтерге қатысып, өзіңнен мықты, өз салаңда жетістікке жеткен адамдармен әңгімелесіп, жастарға да білетініңмен бөлісу пайдалы. Сонымен қатар айта кететін нәрсе – біліммен қоса тәрбие қатар жүру керек. Бұл - маңызды аспект. Тәрбие отбасынан басталады, одан кейін қоғамда жалғасады. Сондықтан өзіңді жетілдіру үшін қандай ортада жүріп, қандай адамдармен араласқың келеді, соған талпыну керек. Жетістікке жету жолында мотивация іздеп, өзіңді талпындыруда адамға араласатын ортасы, үйренетін адамдары ықпал етеді. Тәрбие туралы айтқанда мінезді де қоса кеткім келеді. Себебі адам қанша білімді болса да, кейде оған эгосы кесірін тигізуі мүмкін. "Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыйясың" деп бекер айтпаған. Білімді жетілдіріп қоймай, өзіңді тәрбиелеп, мінезіңе мұқият болуың керек. Бұл нәрсенің тек білімде, жұмыста ғана емес, отбасын құрғанда да ықпалы зор.

- Өзіңізді әлі де жас деп есептейміз. Сонда да студент кезіңізді, алғаш маман боп жұмысқа тұрып, еңбек жолыңызды бастаған кезіңізді әңгімелеп, жастарға кеңес берсеңіз?

- Өзім ауыл мектебін бітірдім, сосын Павлодардағы педагогика институтында оқыдым. Мектеп кезімнен мақсат қойып, соған жетуді үйрендім. Университетте оқып жүргенде түрлі жұмыс істеп көрдім. Себебі ол мен үшін маңызды болды. Өзімнің қандай жұмысқа бейім екенімді білгім келді. Одан бөлек адамдардың алдында сөйлеуге, ойымды айтуға үйреніп, бизнесте де керек дағдыларды жетілдіріп жүруге тырыстым. Сосын Нұр-Cұлтанға келіп, жұмыс істедім. Қанша жыл білім саласында еңбек етіп келемін. Маман болып келіп, басқарма басшысы деңгейіне дейін өстім. Қазір де қызметтемін. "Болашақ" бағдарламасымен оқуға түсемін деп мақсат қойған күннен бастап ағылшын тілін оқи бердім. Сол күннен аз ұйықтап, күндіз-түні ағылшын оқыдым, сегіз айда меңгеріп алдым. Содан кейін шетелге оқуға түстім.

Жастарға айтарым, мақсаттың уақыты, мерзімі болcын. Әр күнге, аптаға, айға жоспар құрып, өзіңе, өзіңді жетілдіруге көңіл бөлу керек. Өзіңді ынталандыратын кітап пен фильмдегі персонаж болсын, үлгі алатын, сыйлайтын адам болсын, солармен танысып, сондай ортада жүруге, олармен кездесуге асыққан дұрыс. Ұялмай, әлеуметтік желіде де жазып, курсына қатысып, кеңес сұраудан қорықпау керек. Жалпы өз салаңның үздіктерімен онлайн да, офлайн да байланысып, соларға қарап мақсат қойып, мүмкіндіктеріңді аша біл. Жетістікке жетуде өзіңді ғана ойламай, жалпы қоғамға көмектесуге, пайдалы болуға тырыс. Білімі, мүмкіндігі, жағдайы сенен төмен болып тұрған адамға тек ақшалай емес, бірнәрсе үйретіп көмектесуге немесе физикалық жағынан еңбек етіп те қол ұшын беруге болады. Ауырса, қара, қимылдай алмай жатса, үйін жинап бер, талантын ашуға ықпал ет, қалай оқуға түсуге болатынын айтып та көмек беруге болады. Бұл - біздің ең басты миссиямыз. Өз қамыңды ғана ойламай, басқаның да өмірін жақсартуға ықпал ете біл.

- Әңгімеңізге көп рақмет! Табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан: Еңлік Сақтан

Фотолар Қымбат Әбдікерімованың жеке архивінен

  • Еңлік Avatar
    Еңлік - 1 күн бұрын
    Jastar.online сайтының ашылғаны жақсы болған. Себебі бүгінгі жастарға дәл осындай пайдалы, танымдық мақала мен сұхбаттар керек. Ол жастарға басқаның жетістікке жету тәсілін, тәжірибесін оқып, әрі қарай өз жолын табуына көмектеседі. Сәттілік!

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.