Асхат Садырбай: Жастарды қолдау - кейінге қалдыруға болмайтын іс

Jastar.online Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Qazaqstan Team ұйымының жетекшісі, журналист Асхат Садырбаймен әңгімелесіп, ұйымның болашаққа жоспарын білді.

- Qazaqstan Team қозғалысы қалай пайда болды? Мақсаты қандай? Болашақта қандай жобаларды жүзеге асырады?

- Qazaqstan Team жастар командасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау мақсатында сайлау кезінде құрылды. Құрамында түрлі салада жетістікке жеткен жастар жиналды. Біраз уақыттан кейін қоғамдық бірлестікке айналдық. Құрылғалы осы командаға мен жетекшілік етіп келемін. Ұйымның басты мақсаты - еліміздегі жастар саясатына, жастарға қатысты мәселелерге оң өзгерістер жасау, олармен жұмыс істеу, проблемаларды көтеріп, оны шешуге атсалысу. Сонымен бірге жастар арасында ең керек дағдыларды қалыптастырып, оны насихаттауды да мақсат етеміз. Волонтерлық пен қайырымдылық бағыты бойынша да, оқу-ағарту ісі бойынша да бірнеше жоба, жоспарлар бар. Ең негізгі жұмыс істейтін бағытымыз сол – жастардың білімі және қоғамдық істерге араласуы.

- Еліміздегі жастар саясаты барлық жасты қамтып жатыр ма?

- Еліміздегі жастар саясатына серпіліс керек. Кемшіліктер әлі де бар. Барлық жасты қамтып, бәрінің мәселесін шешіп жатыр деп айта алмаймыз. Елімізде жастарға қатысты мәселе өте көп. Мемлекет басшысы өзінің жолдауында да жастардың білім алуы және тағы басқа проблемаларды жиі айтады, тапсырмасы да бар. Жақында ғана Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевамен онлайн кездесуде жастар мәселесін де қозғадық. Болашақта осы тақырып төңірегінде жоспарланып жатқан жақсы жобалар бар екен. Енді соның нәтижесін күтеміз.

Бірақ оған қарап отыра бермей, өзіміз де жастармен кездесіп, олардың пікірін біліп, проблемасын тыңдап, жазып алып, Президент алдында айтып жатырмыз. Ұлттық  қоғамдық сенім кеңесінің отырысында да ұсындық. Жақында өткен отырыста Президент алдында жастармен кездесіп жүріп, өздерінен сұраған, аузынан жазып алған проблемаларды атадым. Бұл нәрсе әрі қарай да жалғасады деген үміттемін.

- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде бірнеше мәселені айтып, ұсындыңыз. Соның ішіндегі жастарға арналған орталық, ортақ платформа, кітапхана туралы айттыңыз. Осы мәселе жөнінде жауап болды ма?

- Әлбетте, Ұлттық қоғамдық сенім кеңес отырысында бірнеше ұсыныс айтылды. Қазір ол туралы, шешу жолына байланысты пікір ала қойған жоқпын. Дегенмен сол жерде айтылған мәселелерді аяғына дейін жеткізуіміз керек. Осы аптада Мәдениет және спорт министрлігімен кездесу болады. Сол жерде де еліміздегі жастардың бұқаралық спортқа және оның басқа да түрлеріне қатысты жастардың қажеттіліктерін министр алдында айтып, көтерсем деймін. Бұл мәселені Мемлекет басшысына да жеткізген едік.

Qazaqstan Team ұйымы жастармен бірге дұрыс жұмыс істеу, шешілмей келе жатқан мәселелерді көтеру мақсатында құрылды. Себебі елімізде жан-жақты жас қыз-жігіттер, мамандар, студент көп. Тек олармен тығыз байланысып, бірге жұмыс істеп, қолдап жіберу керек. Бұл кейінге қалдыруға болмайтын істің бірі деп есептеймін.

- Еліміздің жастары туралы қандай ойдасыз? Оларға не тілейсіз? Қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

- Елімізде көзі ашық, сауатты, жан-жақты ойлайтын, оқыған, білімді жастар көп. Қатары көбейе берсе екен деген тілегім бар. Өзіміз куә болып жүрміз: заман оқығандікі, білімдінікі. Дүниежүзі дамып, әлемде жаһандану жүріп жатыр. Сондықтан осындай кезде ұлттық тәлім-тәрбиеміз бен сапалы білімімізді жоғалтып алмасақ, болғаны. Білімді жастар - елдің тірегі, жүрегі, жарқын болашақтың кепілі. Барлық үміт жан-жақты дами алатын, білімді жастарда. Жастар да бұл жауапкершілікті сезініп, барынша елге, мемлекеттің көркеюіне қызмет етуі керек деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Еңлік Сақтан

Фотолар ашық дереккөзден алынды.

Әзірше пікірлер жоқ

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіру керексіз.