"Жыл волонтеры" халықаралық сыйлығына байқау басталады

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Жыл волонтеры" халықаралық сыйлығына байқауды бастайды. Естеріңізге сала кетейік, "Жыл волонтеры" сыйлығын тағайындауды Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұсынған еді.

Халықаралық сыйлық әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлар мен волонтер тобын, отандық және халықаралық волонтерлық ұйымдарды көтермелеуге бағытталған.

Байқауға үміткерлер әлемнің түкпір-түкпірінен қатыса алады. Ол үшін qazvolunteer.kz интернет-платформасында өтінім беріп, волонтерлық қызметі туралы деректерді толтыру қажет. Өтінімдерді қабылдау 2020 жылғы 26 қазан сағат 09.00-ден басталады және 2020 жылғы 15 қараша сағат 09.00-ге дейін жалғасады.

Байқау екі кезеңде өтеді:

бірінші - qazvolunteer.kz интернет-платформасында ашық онлайн-дауыс беру, 
екінші - ең көп дауыс жинаған және екінші кезеңге өткен қатысушыларды Конкурстық комиссия бағалайды.

Нәтижесінде келесі номинациялардың әрқайсысы бойынша үш үміткер жеңімпаз болады:
• "Үздік волонтерлық ұйым"
• "Корпоративтік волонтерлық көшбасшысы"
• "Коронавирус инфекциясымен күреске қатысқаны үшін"
• "Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшылары"
• "Үздік әлеуметтік көмекші"
• "Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін"
• "Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін"
• "Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін"
• "Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін"
• "Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін"
• "Білімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін"
• "Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін"
• "Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін"
• "Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін"
• "Зоологиялық қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін"
• "Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін".

"Жыл волонтеры" халықаралық сыйлығын беру қағидалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурстарында орналастырылған.

Конкурстың толық шарттарымен мына сілтеме бойынша танысуға болады.